Болат Назарбаевтың 14 баласына тиесілі жер телімі дауға айналды

Болат Назарбаевтың 14 баласына тиесілі жер телімі дауға айналды
ашық дереккөз

Алматы облысында Болат Назарбаевтың 14 баласына тиесілі жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі сотта қаралмақ. Бұл туралы сот құжаттарына сілтеме жасаған бірқатар БАҚ хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, талап арызды Қарасай ауданының прокуратурасы берген. Іс бойынша жауапкер ретінде Қарасай ауданының әкімі, аудандық жер қатынастары бөлімі, сондай-ақ бірнеше компания мен Болат Назарбаевтың отбасы мүшелері көрсетілген.

Жауапкерлер қатарында Болат Назарбаевтың жұбайы, ұлы Нұрбол Назарбаев және тағы 13 баласы бар. Кәмелетке толмағандардың мүддесін сотта заңды өкілдері қорғайды.

Сот материалдарына сәйкес, прокуратура жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын және жерді қабылдау-тапсыру актілерін жарамсыз деп тануды сұрап отыр. Істе аты аталған компаниялардың бірі – Kurylys LTD. Бұған дейін бұл компания арқылы Болат Назарбаев Алматыдағы «Алтын Орда» базарына иелік еткені хабарланған болатын.

Әзірге сот құжаттарында жер телімінің балалардың меншігіне қалай өткендігі және мәмілені жарамсыз деп тануға қандай негіз болғаны көрсетілмеген. Істің мән-жайы сот процесі барысында анықталуы мүмкін.

Қазіргі уақытта азаматтық іс өндіріске қабылданған. Тараптар іс материалдарымен танысып, өз дәлелдері мен түсініктемелерін ұсынуда. Алғашқы алдын ала сот отырысы тамыз айының соңына жоспарланған. Осыдан кейін сот істі қараудың әрі қарайғы тәртібін айқындайды.