Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығымен құттықтады

Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығымен құттықтады
akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президент құттықтауында Қызылжар өңірі тоғыз онжылдық ішінде даму жолынан өтіп, еліміздің маңызды өңірлерінің біріне айналғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан еліміздің астықты аймағының бірі саналады. Дихандарымыз егіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор еңбек сіңіріп жүр», - делінген құттықтауда.

Мемлекет басшысы өңірде ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау салалары қарқынды дамып келе жатқанын, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ Президент Солтүстік Қазақстанның тарихи маңызын атап өтіп, бұл өңірден мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет өкілдері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен құқық қорғау саласының білікті мамандары шыққанын еске салды.

Тоқаев жуырда күшіне енген Жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңызын атап өтіп, облыс тұрғындарының Ата Заңды қабылдау ісіне белсенді қатысып, бірлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне тоқталды.

Президент облыста түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен достық дәстүрін сақтап, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтып, өңірдің барлық жетістігі азаматтардың жасампаз еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы өңір тұрғындарына амандық, табыс тілеп, Солтүстік Қазақстан облысының одан әрі өсіп-өркендей беруіне сенім білдірді.