Wildberries Қазақстанда екі ірі логистикалық орталық салады

Wildberries Қазақстанда екі ірі логистикалық орталық салады
pixabay.com

Wildberries маркетплейсі 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астана мен Алматыда жалпы аумағы шамамен 260 мың шаршы метр болатын екі ірі логистикалық кешенді іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Астанадағы кешеннің аумағы 160 мың шаршы метрді, ал Алматыдағы логистикалық орталықтың аумағы 100-103 мың шаршы метрді құрайды.

Министр бұл жобалар туралы шешім Ресейдегі Wildberries инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға дейін қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта компания Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма алаңын жалға алып отыр. Алайда қосымша қойма іздеу мәселесі бойынша Сауда министрлігіне ресми өтініш түспеген.

Шаққалиев қойма жалдау коммерциялық компаниялардың өзара келісімімен шешілетін мәселе екенін атап өтті. Сонымен бірге ол Қазақстан үшін отандық маркетплейстерді дамыту маңызды екенін айтты.

Маусым айында Премьер-министр Олжас Бектеновке таныстырылған жобаға сәйкес, Астанадағы Wildberries логистикалық хабының құрылысына 47,7 млрд теңге инвестиция салынып, шамамен 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Үкімет мұндай жобалар логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп есептейді. 

Экономист Алмас Чукиннің пікірінше, ірі халықаралық маркетплейстердің логистикалық орталықтарды Қазақстанда орналастыруы елдің электрондық коммерция және қойма инфрақұрылымының дамуына оң әсер етеді. Оның айтуынша, мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жеткізу мерзімін қысқартып, қазақстандық өндірушілердің өнімін халықаралық нарықтарға шығаруға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен бірге ішкі логистиканың сапасы мен бәсекелестігі де артады. 

Айта кетейік, шілде айының соңында Reuters агенттігі Ресейдегі бірнеше Wildberries қоймасы дрон шабуылдарынан зардап шеккеннен кейін компания Қазақстанда қосымша қойма алаңдарын қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.