Семей қаласында бұрынғы әйелін аяусыз өлтірген 51 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, биыл сәуір айында мас күйде болған ер адам қызғаныштан бұрынғы жұбайына шабуыл жасаған. Қайғылы оқиға әйелдің балаларымен бірге тұрып жатқан үйінің ауласында болған. Айыпталушы жәбірленушіні ағаш бейсбол таяғымен 27 рет ұрып, ауыр жарақат салған. Әйел оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам ұзақ уақыт бойы әйеліне қысым көрсетіп келген. Тіпті ажырасқаннан кейін де қызғаныш танытып, жанжал шығаруды тоқтатпаған.
Сотталушы сот барысында өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот марқұмның ағасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өтемақы төлеуді міндеттеді.
Туыстары шығарылған үкіммен келісетіндерін мәлімдеді. Қазір отбасы анасыз қалған екі кәмелетке толмаған баланың қамқорлығы мәселесін шешумен айналысып жатыр.