АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы сот Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінің иесі Meta компаниясын балалар мен жасөспірімдерге келтірілген зиянның салдарын жою үшін 567 миллион доллар төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды dalanews.kz
Қаражаттың басым бөлігі жастарды қолдауға жұмсалады
Судья Брайан Бидшейд шығарған шешімге сәйкес, бөлінген қаржының 420 миллион доллары жастарға арналған медициналық және өзге де қолдау қызметтерін қаржыландыруға бағытталады.
Қалған қаражат алдағы бес жыл ішінде профилактикалық шараларға, ақпараттық науқандарға, скринингтік тексерулерге және балалардың қауіпсіздігін арттыруға арналған бағдарламаларға жұмсалмақ.
Meta әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуі тиіс
Сот шешімі компанияға қаржылық міндеттемелермен қатар бірқатар талаптар жүктеді. Атап айтқанда, Meta пайдаланушылардың жасын тексеру жүйесін күшейтіп, кәмелетке толмағандардың аккаунттарын қорғауға бағытталған қосымша қауіпсіздік тетіктерін енгізуі керек.
Сондай-ақ Facebook пен Instagram платформаларында балалардың қауіпсіздігіне қатысты бақылау күшейтіліп, пайдаланушыларға қорғаныс құралдары туралы ақпарат кеңірек ұсынылуы тиіс.
Компания балаларға келетін зиянды білген деген қорытынды жасалған
Осы жылдың наурыз айында аталған іс бойынша алғашқы шешім шығарылған болатын. Сол кезде алқабилер Meta компаниясы әлеуметтік желілердің балалардың психикалық денсаулығына тигізетін зияны туралы білген және кәмелетке толмағандарды жыныстық қанауға қатысты ақпаратты жасырған деген қорытындыға келген.
Соның негізінде компанияға 375 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеу міндеттелген еді.
Жаңа шешімнен кейін Meta-ның бұл іс бойынша жалпы қаржылық міндеттемесі 942 миллион долларға жетті.
Meta сот шешімімен келіспейді
Компания сот шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропалық комиссия да Meta Platforms компаниясының Facebook пен Instagram желілерінде балаларды қорғау шаралары жеткіліксіз екенін айтып, оның Еуроодақтың цифрлық талаптарын бұзуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.