«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қашаған кен орнына қатысты Bloomberg жариялаған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Бұл - шындыққа жанаспайтын ақпарат. Мен бұл жаңалықты оқыдым. «ҚазМұнайГаз» ретінде Bloomberg материалында жарияланған мәліметтерді растамаймыз», - деді «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов Астанада өткен баспасөзге арналған брифингте.
Оның айтуынша, ExxonMobil компаниясы ҚМГ-нің бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі болып қала береді және тараптар технологияларды дамыту бағытында бірлескен жобаларды жалғастырады.
«ExxonMobil - «ҚазМұнайГаздың» серіктесі. Бұрыннан келе жатқан, сенімді серіктес. Бізде технологияларды дамытуға қатысты бірқатар келісімдерге қол қойылған. Бұл тек қолданыстағы кен орындарын игеруге ғана қатысты емес. Біз олармен әрдайым серіктестік қарым-қатынастамыз», - деді Хасенов.
Бұған дейін Bloomberg дереккөздеріне сілтеме жасап, ExxonMobil Қашаған кен орнының батыс бөлігін игеру бойынша шамамен $80 млрд болатын жобаны іске асыруды ұсынып, оның орнына NCOC инвесторларына қатысты экологиялық талаптар мен арбитраждық дауды реттеуді сұрағанын хабарлаған болатын.
Ал Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл мәселеге қатысты Ulysmedia сауалына жауап беріп, аталған ақпаратты растайтын мәліметтің жоқ екенін мәлімдеген.