Әнші Қарақат Әбілдина «1001 түн» бағдарламасында әпкесі, ақын Қымбат Әбілдәқызы туралы айтып, оның өмірі мен шығармашылығына үлкен ықпал еткенін жеткізді.
Өнер иесінің сөзінше, әпкесі бала кезінен оған қатал болған. Сол кезде бұл мінезін қабылдау қиын болғанымен, бүгінде оның тәрбиесіне алғыс айтады.
«Қымбат апайым қатал болды. Бұрын бұл қаталдығын ұнатпайтынмын, тіпті жек көретін едім. Бірақ қазір бәріне алғыс айтамын. Апайымның тәрбиесінің арқасында менің құндылықтарым мен ұстанымдарым қалыптасты», – деді Қарақат Әбілдина.
Әнші әпкесінің өнердегі алғашқы қадамдарына да қолдау көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қымбат Әбілдәқызы сол кезеңде продюсер ретінде бағыт-бағдар беріп, сұхбатқа шығуына, ән айтуына және сахнада өзін көрсетуіне мүмкіндік жасаған.
«Әрдайым демеп, қолдап отырғанын ешқашан ұмытпаймын», – деді әнші.
Айта кетейік, Қарақат Әбілдина мен әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов бес бала тәрбиелеп отыр. Жұлдызды жұп өнерде де бірге еңбек етіп келеді.