Қазақстанда бір тәулікте екі орман өрті тіркелді

Қазақстанда бір тәулікте екі орман өрті тіркелді
pixabay.com

Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында бір тәулікте екі орман өрті тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәліметінше, өрттердің бірі Батыс Қазақстан облысында, екіншісі Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында болған.

«Батыс Қазақстан облысында тіркелген өрт ошағы РМҚК «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе патрульдеуі барысында анықталды. Өрт туралы хабарлама түскен сәттен бастап орман мекемелерінің күштері мен құралдары жедел түрде оқиға орнына жіберілді», - делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе өрт сөндіру десантшылары мен мемлекеттік орман күзетінің күштері жұмылдырылған.

Комитеттің мәліметінше, елімізде аптап ыстық пен найзағайлы фронттардың сақталуына байланысты орман өрті қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» күшейтілген режимде жұмыс істеп, әуе және жерүсті патрульдеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр.