Қазақстан өңірлерінің әкімдіктері сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында биыл 2392 білім грантын бөлді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, гранттар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша беріледі. Олар өңірлерге қажетті кадрларды даярлауға бағытталған.
Биыл ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі бөлген – 303 грант. Одан кейін Шымкент қаласы – 285 грант және Шығыс Қазақстан облысы – 270 грантпен көш бастап тұр.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы 211 грант, Абай және Түркістан облыстары 200 гранттан, Ақмола облысы 199 грант, Қарағанды облысы 198 грант, Атырау облысы 187 грант, ал Маңғыстау облысы 163 грант бөлген. Қалған өңірлерде шамамен 100 гранттан қарастырылған.
Әкімдік грантына қалай қатысуға болады?
Әкімдік гранттарына үміткер талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет.
Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке куәлік көшірмесі және жеңілдіктер қарастырылған жағдайда оны растайтын құжаттар қоса тапсырылады.
Құжат қабылдау мерзімі мен талаптары туралы толық ақпаратты жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан немесе жергілікті әкімдіктерден білуге болады.
Грант иегерін арнайы комиссия анықтайды
Әкімдік грантын беру туралы шешімді жергілікті атқарушы орган жанындағы арнайы комиссия қабылдайды.
Айта кетейік, жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.