Грант ұта алмаған талапкерлерге қандай мүмкіндік бар? Асхат Аймағамбетов кеңес берді

Грант ұта алмаған талапкерлерге қандай мүмкіндік бар? Асхат Аймағамбетов кеңес берді

Мәжіліс депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім грантын иелене алмаған талапкерлерге әлі де жоғары оқу орнына түсуге және грант алуға бірнеше мүмкіндік бар екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, грант конкурсының нәтижесі талапкердің болашағын толық анықтамайды. Сондықтан грант ұта алмаған жастарға үміт үзбеуге кеңес берді.

Әкімдік пен қорлардың гранттары бар

Асхат Аймағамбетов алдымен жергілікті атқарушы органдар бөлетін гранттарға назар аударуға шақырды.

Оның айтуынша, жыл сайын әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен бірнеше мың білім грантын ұсынады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының да арнайы гранттық бағдарламалары бар.

Кейбір гранттар қайта бөлінеді

Депутат грант иегерлерінің бір бөлігі түрлі себептермен өз грантынан бас тартатынын атап өтті.

Мұндай жағдайда бос қалған гранттар ҰБТ нәтижесі бойынша келесі үміткерлерге беріледі.

Ақылы бөлімнен грантқа ауысуға болады

Аймағамбетовтің айтуынша, талапкерлер ақылы бөлімге түсіп, оқу барысында жоғары академиялық көрсеткішке қол жеткізу арқылы кейіннен босаған мемлекеттік грантқа ие бола алады.

Сондай-ақ кейбір жоғары оқу орындары өздерінің ішкі гранттарын да ұсынады.

Gap year мүмкіндігін пайдалануға кеңес берді

Мәжіліс депутаты бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсыру да тиімді шешім болуы мүмкін екенін айтты.

«Gap year арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Бұл – менің өз басымнан өткен жағдай», – деді ол.

Колледж де тиімді жолдардың бірі

Асхат Аймағамбетов колледжде мемлекеттік гранттардың көп екенін және еңбек нарығында техникалық мамандарға сұраныс жоғары екенін еске салды.

Оның айтуынша, колледж бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсіп, қысқартылған бағдарлама арқылы жоғары білім алуға мүмкіндік бар.

Депутат талапкерлерге барлық мүмкіндік әлі де сақталғанын айтып, толық ақпарат алу үшін университеттердің қабылдау комиссияларына жүгінуге кеңес берді.