Алматыдағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда нарығы жаңа иесіне өтті. Қайтарылған активтерді басқару компаниясы сауда-саттық нәтижесінде нысанды 24,8 млрд теңгеге сатты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, әңгіме «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін сату туралы болып отыр. Сауда қорытындысы бойынша мәміле құны 24 772 753 285 теңгені құрады. Алайда сатып алушының аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.
«Байсат» базары бұған дейін мемлекетке қайтарылған активтердің қатарына енген болатын. Нысан бірнеше рет аукционға шығарылғанымен, бастапқы кезеңдерде сатып алушы табылмаған.
Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында базардың бастапқы бағасы 26,7 млрд теңге болып белгіленсе, одан бұрынғы саудада оның құны 28 млрд теңгеге бағаланған еді.
Осылайша, соңғы сауда-саттықта нысан бастапқы ұсынылған бағадан төмен сомаға сатылды.
Еске салайық, «Байсат» базары бұған дейін Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар активтердің бірі ретінде аталған болатын. Кейін ол мемлекетке қайтарылған активтер тізіміне енгізілген.