Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және «Құрмет» орденінің иегері Ардақ Әмірқұловтың ұлттық кино өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, режиссер саналы ғұмырын кинематографияға арнап, қазақ мәдениетінің дамуына елеулі еңбек сіңірген.
"Ардақ Әмірқұлов бар саналы ғұмырын кино өнеріне арнап, ұлт мәдениетін ұлықтауға мол үлес қосты. Кәсіби киногер ретінде "Отырардың күйреуі", "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" сияқты тарихи туындыларды таспалап, төл руханиятымыздың алтын қорын байыта білді", – делінген көңіл айту жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев режиссердің қазақ кинематографиясын дамыту жолындағы ұстаздық еңбегіне де тоқталды. Мемлекет басшысы Ардақ Әмірқұловтың көптеген талантты шәкірт тәрбиелеп, артында мол рухани мұра қалдырғанын атап өтті.
Президент марқұмның отбасына және жақындарына қайғырып көңіл айтып, Ардақ Әмірқұловтың жаны жәннатта болсын деген тілегін жеткізді.