Туған күніне сиыр етінен "торт": Алматы хайуанаттар бағында қолтырауын 40 жасқа толды

Туған күніне сиыр етінен "торт": Алматы хайуанаттар бағында қолтырауын 40 жасқа толды
Алматы әкімдігі

Алматы хайуанаттар бағындағы кубалық қолтырауын Фидель 40 жасқа толды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бүгін - Алматы хайуанаттар бағында ерекше күн. Хайуанаттар бағының ең танымал тұрғындарының бірі кубалық қолтырауын Фидель 40 жасқа толды.

Фидель 1986 жылы туған. 2001 жылы Рига хайуанаттар бағынан Алматы хайуанаттар бағына әкелінген. Осы жылдар ішінде ол келушілер мен қызметкерлердің ерекше ықыласына бөленді. Бүгінде ұзындығы шамамен 4 метр болатын Фидель - өз түрінің толық жетілген өкілі.

Фидельге ерекше сый әзірленді. Қолтырауындар тәтті тағам жемейтіндіктен, мерекелік "торт" оның сүйікті асы - сиыр етінен жасалды.

"Фидельдің жағдайы жақсы. Ол белсенді, тәбеті де жақсы, мамандардың тұрақты бақылауында. Біздің хайуанаттар бағында өткізген жылдары ішінде ол Экзотариумның нағыз символына айналды. Мінезі мен қылығы әбден қалыптасқан, оны қызметкерлеріміз жақсы біледі. Жасы ұлғайғанымен, кубалық қолтырауын үшін 40 жас шек емес. Дұрыс күтім жасалса, олар бұдан да ұзақ өмір сүре алады", – дейді Алматы хайуанаттар бағы Экзотариум бөлімінің басшысы Александр Гурнев.