Туризм табиғатқа қауіп төндіре ме? Катонқарағай мен Марқакөл төңірегіндегі пікірталас күшейді

Туризм табиғатқа қауіп төндіре ме? Катонқарағай мен Марқакөл төңірегіндегі пікірталас күшейді
ашық дереккөз

Қазақстанның танымал туристік аймақтары – Бозжыра, Көкжайлау, Катонқарағай мен Марқакөл төңірегіндегі пікірталастар соңғы жылдары жиілеп кетті. Бір тарап ірі туристік жобаларды өңір экономикасын дамыту мүмкіндігі деп бағаласа, екінші тарап табиғатқа зиян келуі мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Казахстанская правда» газетінің шолушысы Галина Вологодскаяның пікірінше, Катонқарағай ауданында соңғы жылдары туризм қарқынды дамып келеді. Түркі мәдениеті фестиваліне биыл рекордтық 50 мың адам қатысса, Марқакөлде алғаш рет өткен этно және экология фестиваліне 3 мыңнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш Марқакөл қорығының бір жылда қабылдайтын келушілер санымен шамалас.

Автордың айтуынша, туристер ағынының көбеюі жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына оң әсер етіп отыр. Сонымен қатар кейбір азаматтар табиғи аумақтардың бастапқы қалпын сақтау қажеттігін алға тартып, инфрақұрылымдық жобаларға қарсы пікір білдіруде.

Ол әлемдік тәжірибеде туризмнің дамуы мен табиғатты қорғауды қатар алып жүруге болатынын атап өтті. Оның пікірінше, экологиялық талаптарды сақтау, сапалы сервис пен заманауи технологияларды қолдану табиғи аумақтарды сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ автор Шығыс Қазақстандағы жолдардың жаңартылып, жаңа әуежайлардың салынып жатқанын еске салды. Оның айтуынша, бұл өңірде жыл бойы жұмыс істейтін туристік кешендерді дамытуға жол ашады.

Шолушының пікірінше, Катонқарағай, Марқакөл, Риддер және Алтай секілді шалғай өңірлер үшін туризм – экономикалық дамудың және халықтың тұрақтап қалуының маңызды тетігі. Сондықтан бұл бағыттағы жобалар табиғатты сақтау талаптарын ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.