Алматы қаласында алимент төлеуден ұзақ уақыт бойы жалтарған ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қала прокуратурасының мәліметінше, Түрксіб ауданының прокуратурасы кәмелетке толмаған баласын асырауға арналған алиментті төлеу туралы сот шешімін ер адамның алты жылдан астам уақыт орындамағанын анықтаған.
Тексеру барысында оның алимент бойынша берешегі 5 миллион теңгеден асқаны белгілі болды. Борышкерге бірнеше рет ескерту жасалып, жұмысқа орналасу ұсынылғанымен, ол одан бас тартқан. Сонымен қатар «Яндекс Такси» сервисінде жұмыс істеп тапқан табысын алимент төлеуге жұмсамай, жасырып келген.
Бұған дейін ер адам алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда ол сот шешімін орындаудан әрі қарай да жалтаруын тоқтатпаған.
Алматы қаласының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Прокуратураның мәліметінше, бүгінде Алматы қаласында алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабымен 38 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар 227 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қадағалау органы баланы асырап-бағу әрбір ата-ананың заңмен белгіленген міндеті екенін еске салып, алимент төлеуден жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеді.