Алматы облысында құтқарушылар биік тау шыңында қалып қойған Германия азаматтарына көмек көрсетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қарасай ауданындағы Сәтбаев (Советов) шыңына көтерілген туристер тобының бір мүшесі қолын жарақаттап, өздігінен төмен түсе алмаған. Осыған байланысты шетелдік туристер құтқарушылардан көмек сұраған.
Оқиға орнына ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары, Алматы қаласы әкімдігінің мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары және «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.
Құтқарушылар тікұшақпен биік таулы аймаққа жетіп, жаяу жүріп зардап шеккен туристке барған. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, азаматты тікұшақ қона алатын қауіпсіз орынға дейін жеткізген.
Кейін жарақат алған Германия азаматы тікұшақпен Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға эвакуацияланды. Онда ол дәрігерлердің қарауына тапсырылып, қажетті медициналық көмек алды.
ТЖМ тауға шығу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, бағыт пен маршрут туралы алдын ала хабарлап отыруға шақырды.