Атырауда құбыр ауыстыру жобасы кезінде квазимемлекеттік сектордың қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталған бес адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атырау қаласының №2 сотының мәліметінше, сотталушыларға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін айып тағылған.
Сот анықтағандай, айыпталушы С. құбырды ауыстыру тендерін жеңіп алған мердігер ұйымды бейресми түрде басқарып, қылмысты ұйымдастырған. Ол тапсырыс беруші ұйым басшысының орынбасары К., мердігер ұйым қызметкерлері И. мен М., сондай-ақ авторлық қадағалаушы А.-мен алдын ала сөз байласып, бекітілген жобаны заңсыз өзгерту арқылы квазимемлекеттік сектордың қаражатын жымқырған.
Сот барысында айыпталушылар кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды сұраған.
Олардың кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, хат-хабарлармен, сондай-ақ мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен дәлелденген.
Сот үкімімен С. 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. К., И. және М. әрқайсысы 6 жылға сотталды. Ал А. 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.