Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Гүлмира Сатыбалдыны төртінші қылмыстық іс бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, оған бұған дейін тағайындалған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды. Алайда сотталған әйелден 8 млрд теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
Бұл жолы Сатыбалдыға алдау арқылы мүліктік залал келтіру және өз бетінше әрекет ету бойынша айып тағылған. Іс бойынша жәбірленуші ретінде оның әпкесінің бұрынғы күйеуі әрі бұрынғы бизнес-серіктесі Абай Жүнісов танылған.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Сатыбалды мен Жүнісов бірге кәсіп жүргізіп, Алматыдағы «Восточка» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысқан. Кейін Жүнісов Сатыбалдымен байланысты адамдарға компаниялардағы үлестерін беріп, басқа да құжаттарға қол қойған.
Айыптау нұсқасы бойынша, аталған құжаттарға қысым көрсету арқылы қол қойғызылған. Михаил Козачковтың жазуынша, ер адам бірнеше ай бойы Сатыбалдының үйінің жертөлесінде заңсыз ұсталған.
Тұрғын үйлер сатылғаннан кейін Жүнісовтің «ВТБ Банк» алдындағы 8 млрд теңгеден астам қарызы қалған.
Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол тағылған айыптың мәнін түсінбейтінін және Жүнісовтің банк алдындағы қарызының пайда болуына өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Сот Сатыбалдыны тағылған баптар бойынша кінәлі деп таныды. Бұған дейін белгіленген 12 жылдық мерзімге қосымша жаза қосылған жоқ. Дегенмен одан 8 млрд теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
2023 жылы Гүлмира Сатыбалдыға өз бетінше әрекет ету, адам ұрлау, мүлікті иемдену және ысырап ету істері бойынша екі үкім шығарылған еді. Сол кезде қылмыстар жиынтығы бойынша оған сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
2024 жылы бопсалау және адамды заңсыз бас бостандығынан айыру ісі бойынша сотталғаннан кейін оның түпкілікті жаза мерзімі 12 жылға дейін ұзартылды.
Жаңа сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.