«МузАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты ауруханаға түсіп, жансақтау бөлімінде ем қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, денсаулығына байланысты Шымкентте жоспарланған концертке қатыса алмаған.
«Бүгін Шымкентте өтетін концертке шығуым керек еді. Алайда жүрегімдегі қан тамырлары бітеліп қалды. Қазір жансақтау бөлімінен қарапайым палатаға ауыстырылдым», - деді Кенжебек Жанәбілов.
Әнші өзіне дер кезінде медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғысын білдірді.
Қазіргі таңда оның жағдайы жақсарып, жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған. Әріптестері мен тыңдармандары өнер иесіне тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіруде.