Шымкент тұрғыны әлеуметтік желідегі әдепсіз әрекеті үшін 10 тәулікке қамалды

Шымкент тұрғыны әлеуметтік желідегі әдепсіз әрекеті үшін 10 тәулікке қамалды
видеодан кадр

Шымкентте TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің таралуына жол бермеу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіледі. Кезекті тексеру барысында 39 жастағы қала тұрғыны Қуанышбек Умарбековтің TikTok-тағы тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталған.

Жиналған материалдар сотқа жолданып, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ер адам 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер мен жарияланымдар қолданыстағы заң талаптарына сай болуы керектігін ескертті.

Полицияның мәлімдеуінше, лайк пен қаралым жинау мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзу, әдепсіз әрекеттер жасау немесе заңға қайшы контент тарату әкімшілік және өзге де жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.