Министрлік мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты түсініктеме берді

Министрлік мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты түсініктеме берді
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан мектептерінде хиджаб киюге қатысты сұраққа Оқу-ағарту министрлігі жауап берді. Ведомство елдегі білім беру ұйымдарының зайырлы қағидатпен жұмыс істейтінін еске салды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген, ал мектептер зайырлы білім беру мекемелері болып қала береді. Бұл мәселе жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына қойылатын талаптарды түсіндіру барысында көтерілген.

Сондай-ақ ведомство өкілдері көптеген мектептердің ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес оқу орны ғимаратында бас киіммен жүруге тыйым салынатынын атап өтті.

Министрліктің хабарлауынша, мектеп формасының нақты үлгісін әр білім беру ұйымы ата-аналар қауымдастығымен, қамқоршылық кеңеспен және мектептің өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп бекітеді.

Сонымен қатар ата-аналарды белгілі бір өндірушіден немесе нақты дүкеннен мектеп формасын сатып алуға мәжбүрлеуге жол берілмейтіні айтылды. Ведомствоның мәліметінше, мектеп формасын таңдауда ата-аналардың құқығы сақталуы тиіс.