Қазақстандықтар Құрылтай сайлауынан жақсылық күтеді – қоғамдық пікір зерттеуі

Қазақстандықтар Құрылтай сайлауынан жақсылық күтеді – қоғамдық пікір зерттеуі
BAQ.kz

Еуразиялық интеграция институты БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-брифинг барысында қазақстандықтардың электоралдық мінез-құлқының түрлі аспектілеріне арналған әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зерттеу 2026 жылғы 16-26 шілде аралығында жүргізілген.

Бұған дейін хабарланғандай, face-to-face форматында өткен жаппай сауалнамаға Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 4 мың респондент қатысты.

Зерттеу нәтижелері қоғамда сайлау науқандары, саяси партиялардың рөлі мен қызметі туралы түсініктің қалыптасқанын, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси реформаларға оң көзқарас басым екенін көрсетті.

Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында анықталған негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ.

Біріншіден, сайлау белсенділігіне қатысты сауалнамаға қатысқандардың 78,2%-ы сайлау мен референдумдарға тұрақты түрде қатысатынын айтты.

Сонымен қатар, әрбір сайлау науқаны өткен сайын дауыс берушілер санының артып келе жатқаны байқалады. Респонденттердің мәліметінше, 2023 жылғы парламенттік сайлауға азаматтардың 53,4%-ы, 2024 жылғы референдумға 63,4%-ы, ал 2026 жылғы референдумға 75,3%-ы қатысқан. Зерттеу нәтижелері ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми деректерімен сәйкес келеді.

Екіншіден, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға қатысушылар дауыс беруге ынталандырған негізгі себептерді атады.

Азаматтардың 71%-ы дауыс беруді өзінің азаматтық борышы деп есептейді.

Респонденттердің 69,6%-ы жүргізіліп жатқан саяси реформаларды маңызды деп санайды.

Ал 31,4%-ы дауыс беруді өзінің ажырамас демократиялық құқығы ретінде бағалайды.

Сауалнамаға қатысқандардың 18%-ы дауыс беруге сайлау жасына жеткендіктен қатысқанын айтқан. Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, жиынтық көрсеткіш 100%-дан асады.

Зерттеу авторларының пікірінше, сайлау белсенділігіне әсер ететін осы факторлар 23 тамызда өтетін референдумда да маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Үшіншіден, қазақстандықтардың сайлау үдерісі туралы ақпаратты қайдан алатыны анықталды.

Ең негізгі ақпарат көзі ретінде теледидарды респонденттердің 51,6%-ы атаған. Instagram - 44,5%, жаңалық тарататын интернет-порталдар - 32,5%, отбасы мүшелері мен туыстары - 27,4%, TikTok - 23,8%, жұмыс орны немесе ұйым - 22,5%, достары - 21,7%. Бұл сұрақта да бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілгендіктен, жиынтық көрсеткіш 100%-дан жоғары.

Зерттеу нәтижелері саяси контентті тұтынуда теледидардың әлі де негізгі ақпарат көзі болып отырғанын, сонымен қатар Instagram мен TikTok әлеуметтік желілерінің ықпалы артып келе жатқанын көрсетті. Азаматтар сайлау барысы туралы тұрақты түрде ақпарат алып, оны өз ортасында талқылайды.

Төртіншіден, сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияның қабылдануы сияқты қос палаталы Құрылтайдың құрылуын да оң өзгерістермен байланыстыратынын көрсетті.

Респонденттердің 68%-ы Құрылтай сайлауынан кейін өмірінде оң өзгерістер болады деп күтеді.

Сонымен бірге, қатысушылардың 48,8%-ы сайлаудың әділ өтетініне сенім білдірген.

Респонденттердің 43,3%-ы Құрылтайға сайланатын депутаттар азаматтардың мүддесін қорғайды деп есептейді.

Ал 35,9%-ы жаңа депутаттардың келуі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады деген пікірде.

Тағы 23,8%-ы жаңа депутаттар саяси мәдениеттің дамуына ықпал етеді деп сенеді.

Азаматтардың 22,3%-ы депутаттардың халыққа жақын болып, сайлаушылармен ашық әрі тұрақты байланыс орнатқанын қалайды. Бұл сұрақта да бірнеше жауап беруге мүмкіндік болғандықтан, жиынтық көрсеткіш 100%-дан асады.

Бесіншіден, зерттеу барысында «Қазақстандағы саяси партия тиімді жұмыс істеуі үшін ең алдымен не істеуі керек?» деген сұраққа жауаптар талданды.

Респонденттердің 44%-ы партиялар елдің экономикалық өсімі мен өркендеуіне үлес қосуы тиіс деп есептейді.

32,4%-ы партиялар елдің болашақ даму бағытын нақты түсіндіре алуы қажет деген пікірде.

33,2%-ы олардың қызметінде әлеуметтік әділеттілік пен теңдік мәселесіне басымдық берілуі тиіс екенін айтты.

Сауалнамаға қатысушылар партия көшбасшыларының мықты әрі тартымды тұлға болуы маңызды екенін (29,9%), заңдарды сауатты түсіндіріп, халыққа нақты пайда әкелетін заң жобаларын насихаттауы қажет екенін (29,8%), демократиялық қағидаттарға адал болуы керектігін (20,1%) және сайлаушылармен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты байланыс орнатуы тиіс екенін (20%) атап өтті. Бұл сұрақта да бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілген.

Жалпы зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың қоғамдық-саяси өмірге және сайлау процестеріне қатысу белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді. Қоғамның саяси оқиғаларға қызығушылығы жоғары.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл мәліметтер қазіргі сайлау науқанына қатысып жатқан саяси партиялар үшін пайдалы болуы мүмкін. Олар үгіт-насихат жұмысының әдістерін, байланыс арналары мен мазмұнын, сондай-ақ жалпы сайлау стратегиясын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Зерттеудің іріктемесі Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес қалыптастырылған. Іріктеме облыс, тұрғылықты жері (қала/ауыл), жынысы, жасы және этникалық құрамы бойынша репрезентативті болып саналады. 95% сенімділік ықтималдығында статистикалық қателік ±1,54%-дан аспайды.

Еуразиялық интеграция институты аталған деректерді ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/3Т-С-30 жазбаша хабарламасы негізінде жариялағанын мәлімдеді.