ЕО Ресейге қатысты санкцияларды 2029 жылға дейін ұзартты

ЕО Ресейге қатысты санкцияларды 2029 жылға дейін ұзартты
ЖИ: Dalanews.kz

Еуропалық одақ кеңесі Ресейге қатысты санкциялық тізімге енгізілген 3 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаға қарсы шектеу шараларын тағы үш жылға ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кеңестің мәліметінше, шектеулер 2029 жылғы 22 қыркүйекке дейін күшінде болады. ЕО бұл санкцияларды Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне қауіп төндірді немесе оған нұқсан келтірді деп санайтын тұлғаларға қатысты қолданып отыр.

Қазіргі таңда санкциялар 3 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаны қамтиды. Оларға Еуропалық одақ аумағына кіруге немесе онда еркін қозғалуға тыйым салу, активтерін бұғаттау, сондай-ақ санкциялық тізімдегі адамдар мен ұйымдарға қаржы немесе басқа да экономикалық ресурстар беруге шектеу қою шаралары енгізілген.

Сонымен қатар санкциялық режимді қайта қарау аясында ЕО кеңесі үш жеке тұлға мен бір заңды тұлғаға қатысты санкцияларды ұзартпау туралы шешім қабылдаған. Бұдан бөлек, қайтыс болған үш адам санкциялық тізімнен шығарылды.

Алайда құжатта бұл адамдар мен ұйымның атауы көрсетілмеген. Олардың есімдері мен ұйым атаулары кейінірек Еуропалық одақтың ресми журналында жарияланады.