Құлсары тұрғындары жол белгілерінің көптігіне шағымданды

Құлсары тұрғындары жол белгілерінің көптігіне шағымданды
видео кадры

Құлсары қаласының тұрғындары жол белгілерін орнатуға қатысты бірқатар сұрақ көтеріп отыр. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда қаланың кейбір көшелерінде жаяу жүргінші белгілері шамадан тыс көп қойылғаны байқалады. Ал көлік қозғалысы қарқынды жүретін кейбір учаскелерде мұндай белгілер жеткіліксіз екені айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тұрғындардың сөзінше, қаланың солтүстік және оңтүстік бөлігіндегі айналма жолдарда, сондай-ақ Жадырасын ықшамауданында жаяу жүргінші белгілері тым көп орнатылған. Қала тұрғыны Әли Сменовтің айтуынша, кей жерлерде керісінше жаяу жүргіншілер өткелінің белгілері қажет.

– Көптеген жерде жол белгілері жоқ. Мектептер мен балабақшалардың маңында бар болғанымен, жаяу жүргіншілер жиі өтетін басқа да орындар жетерлік. Біз тұрған жерде кешкі уақытта, әсіресе балалар көп жүреді. Егер Жадырасын ауданындағы белгіні алып тастаған болса, оны осы жерге орнатқан дұрыс болар еді, – дейді тұрғын.

Ал Жылыой аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жол белгілері қолданыстағы талаптарға сәйкес қойылғанын мәлімдеді.

Бөлім басшысы Бекет Бозжігітовтің айтуынша, жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты барлық жобалар міндетті сараптамадан өтіп, тиісті мамандардың келісімінен кейін ғана бекітіледі.

– Әрбір жоба әзірленген кезде міндетті түрде сараптама жүргізіледі. Ол электрмен жабдықтау, газбен қамту және жол инфрақұрылымы саласындағы мамандардың қарауынан өтеді. Сонымен қатар жол белгілерін орнатуға жауапты мамандар жобаның қолданыстағы талаптар мен құрылыс нормаларына сәйкестігін тексереді. Осыдан кейін ғана қорытынды беріледі. Аталған жоба оң қорытынды алып, полиция бөлімімен де келісілген, – деді бөлім басшысы.

Мекеме өкілдерінің мәліметінше, жаяу жүргінші белгілері барлық қиылыстарға орнатылған. Ал тұрғындардың наразылығын тудырған кейбір белгілерді алып тастап, қаланың басқа көшелеріне көшіру жоспарланып отыр.