Chevron-ға тиесілі Теңіз кен орны қалдықтарды сақтау талаптарын бұзды деген күдікке ілінді

Chevron-ға тиесілі Теңіз кен орны қалдықтарды сақтау талаптарын бұзды деген күдікке ілінді
ЖИ: Dalanews.kz

Атырау облысының билігі «Теңізшевройл» компаниясын Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны – Теңізде өндірістік қалдықтарды тиісті рұқсатсыз орналастырды деп айыптап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Атырау облыстық Экология департаменті шілде айында жүргізген тексеру барысында кен орнында қалдықтарды белгіленген лимиттен тыс көлемде орналастыру фактілерін анықтаған.

Алайда «Теңізшевройл» тексеру қорытындыларымен келіспейді. Компания Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне шағым түсіріп, нәтижелерді сотқа дейінгі тәртіпте даулап жатыр.

Осыған байланысты шағым қаралып біткенге дейін инвесторға қандай да бір айыппұл салынбайды. Компания өз кезегінде барлық әрекеті қолданыстағы заңнамаға сай болғанын және қалдықтарды орналастыру бойынша белгіленген талаптарды бұзбағанын мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, экология департаментінің наразылығы өндірістік күкіртті сақтау мәселесіне қатысты болуы мүмкін. Бұған дейін дәл осындай айыппен Қашаған кен орнын игеріп жатқан NCOC консорциумына 2,3 триллион теңге көлемінде айыппұл салынған еді.

Алайда халықаралық мұнай компаниялары бұл шешіммен келіспей, айыппұлды төлеуден бас тартуға тырысып жатыр. Тіпті ExxonMobil мен «ҚазМұнайГаздың» Қашағанның батыс бөлігін игеру жөніндегі бірлескен жобасының тағдырына да әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтылуда.

Айта кетейік, «Теңізшевройл» бұған дейін де осындай дауға тап болған. 2007 жылы компания күкіртті нормадан тыс көлемде сақтағаны үшін 306 миллион АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеген. Дегенмен сол кезде де компания экологиялық талаптарды бұзды деген айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеген.