Алматы қаласында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін (МТНБ) заңсыз дайындап, сатумен айналысқан күдікті ұсталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, заңсыз схеманың жолы Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Көліктегі полиция департаменті жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында кесілген.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті жалған мемлекеттік нөмірлерді Ресей Федерациясынан экспресс-жеткізу қызметтері арқылы алдырып, кейін Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі тапсырыс берушілерге жөнелтіп отырған.
Жалған нөмірлер тәркіленді
Жедел шаралар кезінде жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері мен іске қатысты өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа тұлғаларды анықтау бағытында тергеу және жедел-іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Прокуратура ескерту жасады
Бас көлік прокуратурасы жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салды.
«Мұндай құқық бұзушылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді», – деп атап өтті ведомство.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.