Астанада техникалық ақауға байланысты жүргізуші куәлігіне емтихан нәтижесі жойылды

Астанада техникалық ақауға байланысты жүргізуші куәлігіне емтихан нәтижесі жойылды
Ашық дереккөз.

Жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық емтиханды сәтті тапсырған Астана тұрғынының нәтижесі техникалық ақауға байланысты жойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, емтихан тапсырушы барлық тапсырманы орындап, 40 айыппұл ұпайын жинаған. Бұл практикалық емтиханды сәтті тапсырғанын көрсетеді. Алайда маршрут соңында GPS жүйесі мәреге жеткенін тіркемеген.

Кейіннен ресми акт жасалып, онда аппараттық-бағдарламалық кешенде техникалық ақау болғаны расталған. Соған қарамастан емтихан нәтижесі жойылып, үміткерге қайта тіркелуді күту ұсынылған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, тексеру барысында оқиғаның мән-жайы, бейнебақылау жазбалары және аппараттық-бағдарламалық кешеннің техникалық жай-күйі зерделенген.

Тексеру қорытындысы бойынша оқиғаға техникалық ақау себеп болғаны расталды.

Жұмыс кеңесінің қорытындысымен қызмет көрсетуші «Радикс компаниялар тобы» ЖШС-не анықталған ақауларды үш жұмыс күні ішінде жою және кешеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар мемлекеттік корпорацияның Астана қаласындағы филиалына практикалық емтихан өткізуге қатысты жекелеген ұйымдастыру рәсімдерін қайта қарау, сондай-ақ мұндай жағдайлардың қайталану қаупін азайту және мемлекеттік қызметтің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету жөнінде қосымша шаралар қабылдау жүктелді.