Мемлекеттік білім грантын иелене алмаған талапкерлер үшін қосымша мүмкіндік бар. Қазақстанның жоғары оқу орындары 2026 жылы ректорлық, университеттік және ішкі гранттарды қоса алғанда 2 мыңнан астам білім грантын ұсынбақ. Сонымен қатар талапкерлер оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендияларға да үміткер бола алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ең ірі бағдарламалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жүзеге асырылады. 2026-2027 оқу жылына Түркия Республикасы тарапынан 500 дәстүрлі білім беру квотасы бөлінген. Құжаттар 2026 жылғы 10-15 тамыз аралығында қабылданады. Конкурсқа мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға жарамды ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиадалар, жобалар мен конкурстардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың және «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі түлегіне оқудың толық мерзіміне 100% білім беру гранты ұсынылды.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өзіндік конкурстық бағдарламалар шеңберінде 94 грант қарастырылған. Оның ішінде EKTU QUIZ-2026 қорытындысы бойынша Жетісу, Түркістан және Қызылорда облыстарының мектеп түлектеріне төрт жылға 24, екі жылға 24 және бір жылға 24 грант беріледі. «Ақылды Awards 2026» конкурсы бойынша «Алтын белгіге» үміткерлерге төрт жылға 18 грант бөлінген. Қырғыз Республикасының мектеп түлектеріне арналған EKTU STAR 2026 және «EKTU-ды таңда – болашақты таңда» байқаулары бойынша төрт жылдық төрт грант қарастырылған.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2026-2027 оқу жылына ректордың 19 грантын бөлді. Оның бесеуі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға, үшеуі мемлекеттік білім беру гранты конкурсында жеңімпаз болмағанымен, ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Алты грант «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған олимпиадалардың жеңімпаздарына, бес грант IQanat High School of Burabay мектебінің физика, математика, биология, химия және информатика пәндері бойынша ішкі олимпиадаларында бірінші орын алғандарға арналған.
Дарынды талапкерлерді қолдау мақсатында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары мен «Зерделі» мектептерінің түлектеріне 20 ректорлық білім беру грантын бөлді. Гранттар талантты жастарды қолдауға, сапалы жоғары білімге қолжетімділікті кеңейтуге және олардың кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 12 грант, Рудный индустриялық университетінде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлерге ректордың 10 гранты қарастырылған.
Қарағанды индустриялық университетінде ақылы негізде оқитын студенттерге бірінші курстан кейін университет қаражаты есебінен оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін «ҚарИУ білім беру гранты» қолданылады. Грант жоғары академиялық нәтиже көрсеткен және қоғамдық өмірге белсенді қатысатын студенттерге GPA көрсеткіші негізінде беріледі. Сондай-ақ 2026-2027 оқу жылында университетте Нариман Ишмұхамедов атындағы атаулы грант алғаш рет тағайындалды. Ол оқу ақысын толық өтеуді және ай сайын 150 мың теңге көлемінде стипендия төлеуді көздейді. Үміткердің ҰБТ нәтижесі кемінде 75 балл болуы, басым білім беру бағдарламасына түсуі және Теміртау қаласымен немесе Қарағанды облысымен аумақтық байланысы болуы тиіс.
Satbayev University әлеуметтік осал топтардан шыққан дарынды жастардың жоғары техникалық білімге қолжетімділігін кеңейту мақсатында жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың білім беру гранттарын тартады. 2025-2026 оқу жылында жасалған келісімдер аясында 538-ден астам студентке қаржылық қолдау көрсетіліп, олар оқуын жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қолдауымен жалғастырды. Олардың қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар тұлғалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ата-анасының бірі немесе екеуі де мүгедектігі бар отбасылардан шыққан студенттер, сондай-ақ толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан білім алушылар бар. Сонымен қатар университет студенттерге өз қаражаты есебінен білім беру гранттары мен оқу ақысына жеңілдіктер ұсынады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде университет грантына ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинаған талапкерлер үміткер бола алады. Іріктеу барысында ҰБТ нәтижесі, «Алтын белгі» иегері болуы, әлеуметтік жағдайы, республикалық және халықаралық олимпиадалардағы, конкурстар мен ғылыми жобалар жарыстарындағы жетістіктері ескеріледі. Құжат қабылдау мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланған күннен басталып, 18 тамызға дейін жалғасады.
«Тұран-Астана» университетінде ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне оқудың толық мерзіміне ректор гранты беріледі.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде мемлекеттік грант иеленбеген, ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне 100% жеңілдік қарастырылған. 2026-2027 оқу жылына ректор грантын алушылардың нақты саны Ғылыми кеңестің шешімімен анықталады.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде гранттардың нақты саны белгіленбеген. «6В015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтерді даярлау» бағытына түскен «Алтын белгі» иегерлеріне GPA көрсеткішін 3,5 деңгейінен төмендетпеген жағдайда оқудың толық мерзіміне 100% жеңілдік беріледі.
Кейбір университеттерде ректор гранттарының орнына оқу ақысына жеңілдіктер жүйесі қолданылады. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Қамқор», «Көмек», «Жәрдем» және «Зерек» жеңілдіктері бар. Олар жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, бір отбасынан қатар білім алып жатқан студенттерге, университет қызметкерлерінің балаларына және «Алтын белгі» иегерлеріне беріледі. Жеңілдік мөлшері 15%-дан 100%-ға дейінгі аралықты қамтиды.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқу ақысына жеңілдіктер 14 санат бойынша беріледі. Әлеуметтік қолдау жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан білім алушыларға, университет қызметкерлерінің балаларына, «Алтын белгі» иегерлеріне, олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарына және басқа да санаттарға арналған. Жеңілдік мөлшері 20%-дан 100%-ға дейін жетеді.
Жалпы университеттердің өзіндік гранттары мен жеңілдіктері академиялық жетістіктері жоғары талапкерлерді қолдауға, дарынды жастарды ынталандыруға және әлеуметтік осал санаттар үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Гранттар мен жеңілдіктердің нақты саны, құжат қабылдау мерзімдері, талаптары және қажетті құжаттар тізімі әр жоғары оқу орнында әртүрлі. Толық және өзекті ақпаратты талапкерлер таңдаған университеттің ресми сайтынан немесе қабылдау комиссиясынан нақтылай алады.