Енді доцент пен профессор атақтарын ЕАЭО елдерінде қайта растаудың қажеті жоқ

Енді доцент пен профессор атақтарын ЕАЭО елдерінде қайта растаудың қажеті жоқ
pixabay.com

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер қазақстандық ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми атақтарын өзара тану туралы келісімге қол қойды. Бұл шешім ғылыми және педагогикалық қызметкерлердің одаққа мүше мемлекеттерде жұмысқа орналасуын жеңілдетеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ғылыми атақтарды қайта растаудың қажеті болмайды

2026 жылғы 6-7 тамызда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану жөніндегі келісімді бекітті.

Құжатқа сәйкес, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары берген аға ғылыми қызметкер, доцент, қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтары ұлттық тану рәсімдерінсіз-ақ өзара мойындалады.

Осылайша, Қазақстанда берілген ғылыми атақ туралы құжаттар Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения аумағында қосымша растаусыз жарамды болады.

Бұрын берілген құжаттар да танылады

Келісім талаптары тек жаңа құжаттарға ғана емес, құжат күшіне енгенге дейін берілген ғылыми атақтарға да қолданылады.

Бұл ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің ЕАЭО елдерінде еркін еңбек етуіне мүмкіндік беріп, жұмысқа орналасу кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайтады.

Уақыт пен қаржы үнемделеді

Мамандардың айтуынша, келісім азаматтардың ғылыми атақтарын дәлелдеуге кететін уақытын қысқартып, қосымша қаржылық шығындардың алдын алады.

Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылғы 2 мамырдан бастап ЕАЭО елдерінде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім күшіне енген болатын. Енді бұл тізімге ғылыми атақтар да қосылып отыр.