Нұрай Серікбай ісі: сотта марқұмның анасына жазған хаттары жарияланды

Нұрай Серікбай ісі: сотта марқұмның анасына жазған хаттары жарияланды
ашық дереккөз

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кезекті сот отырысында судья Саммидин Темірлаев Нұрай Серікбай мен оның анасы Айгүл Сағынбекова арасындағы хат алмасуды оқып берді. Судьяның айтуынша, бұл хабарламалар марқұмның туыстары берген бұрынғы айғақтарды растайды.

Сотта белгілі болғандай, Нұрайдың анасы қызына бірнеше рет хабарласқанымен, байланыса алмаған. Кейін қызына қайта қоңырау шалуды сұрап хабарлама жолдаған. Ал 4 қазанда, яғни қыздың ұрланған күні де туыстары оның телефонына шыға алмаған.

Судья оқыған хаттардың бірінде анасы қызына:

«Нұрай, маған хабарласшы. Не істеп жүрсің?» деп жазған. Бұған жауап ретінде Нұрай: «Анашым, бәрі менің келісімімсіз болды. Мұны қаламадым», – деп жауап берген.

Судьяның сөзінше, жарияланған жазбалар Нұрайдың ата-анасы мен жақындарының бұған дейін берген жауаптарымен толық сәйкес келеді.

Еске салайық, биыл қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қатыгездікпен өлтірілген болатын. Тергеу мәліметінше, күдікті Шерхан Аймахан бұған дейін қыздың соңынан қалмай, тіпті алып қашқан.

Прокурор сотта жариялаған айыптау актісіне сәйкес, Нұрай кездесуден бас тартқаннан кейін күдікті оның үйінің маңына келіп, алдымен бес рет пышақ жарақатын салған. Кейін қайта оралып, қызға тағы бірнеше мәрте пышақ сұққан.

Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.