Таиландтың Нонтхабури провинциясындағы мектептердің бірінде болған атыс салдарынан кемінде жеті адам көз жұмып, 15 адам жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полицияның мәліметінше, қарулы шабуылды тоғызыншы сынып оқушысы жасаған. Қайғылы оқиға алдында жасөспірім өз үйінде атасы мен әжесін атып өлтірген.
Оқиға Бангкок маңындағы Тхепсирин мектебінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, оқушы мектеп ішінде жүріп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған.
Қазіргі мәлімет бойынша, қаза тапқандар қатарында шабуыл жасаған жасөспірімнің өзі, оның атасы мен әжесі, сондай-ақ бірнеше мұғалім мен оқушы бар. Зардап шеккендердің кемінде екеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, күдікті оқиға орнында өзіне қол жұмсаған. Полиция шабуыл кезінде қолданылған 9 миллиметрлік тапаншаның оның атасына тиесілі болғанын анықтады.
Оқиға кезінде мектептің барлық оқушылары мен қызметкерлері эвакуацияланды.
Қазір құқық қорғау органдары қарудың жасөспірімнің қолына қалай түскенін және қайғылы оқиғаның себептерін анықтап жатыр. Таиланд билігі қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.