Қазақстанда аккредиттеу рәсімдерін цифрландыру аясында зертханалар, сертификаттау және инспекциялық ұйымдарды қашықтан бағалау жүйесі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығының мәліметінше, бүгінге дейін 32 қашықтан бағалау рәсімі жүргізілген.
Орталықтың хабарлауынша, цифрлық формат бағалау рәсімдерінің объективтілігі, тәуелсіздігі және сапасын сақтай отырып, бизнес үшін уақыт пен ұйымдастырушылық шығындарды қысқартуға, әкімшілік жүктемені азайтуға және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
2026 жылы қашықтан бағалау екінші жоспарлы бағалау кезінде пилоттық режимде қолданылса, 2027 жылдан бастап бұл тәжірибені барлық жоспарлы бағалауға кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қашықтан бағалау міндетті рәсім болмайды. Ол тек белгіленген талаптарға сәйкес келетін және қашықтан жұмыс істеуге қажетті техникалық мүмкіндігі бар аккредиттеу субъектілеріне ғана қолданылады.
Жаңа форматты енгізу аясында Ұлттық аккредиттеу орталығы «Қашықтан бағалау» жұмыс нұсқаулығын, бағалаушыларға арналған ұсынымдарды және аккредиттеу субъектілеріне арналған кері байланыс сауалнамасын әзірлеген. Орталық бұл құжаттар қашықтан бағалаудың бірыңғай әрі ашық тәртіппен жүргізілуін қамтамасыз етіп, жүйені қатысушылардың тәжірибесі негізінде жетілдіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.