Ойыншылар үндеуінен кейін министрлік «Астана» клубының жағдайына қатысты пікір білдірді

Ойыншылар үндеуінен кейін министрлік «Астана» клубының жағдайына қатысты пікір білдірді
видеодан кадр

«Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтатуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін клуб ойыншылары мен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа үндеу жолдап, кәсіби мансаптарын жалғастыру мүмкіндігін сақтап қалуды сұраған болатын.

Ойыншылардың айтуынша, клубтың негізгі құрамының тарауы қазақстандық баскетболдың дамуына кері әсер етіп, жас спортшылардың өсуіне, ұлттық чемпионаттың деңгейіне және ұлттық құрамаға ойыншы даярлау жүйесіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Алайда ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті клубтың соңғы жылдардағы нәтижелері күткен деңгейге сәйкес келмегенін мәлімдеді.

Халықаралық аренадағы нәтиже көңіл көншітпеді

Ведомствоның мәліметінше, «Астана» өткен маусымда ВТБ Бірыңғай лигасында 44 матчтың тек екеуінде ғана жеңіске жетіп, 12 команданың ішінде соңғы орын алған. Жеңіліс көрсеткіші 95 пайыздан асқан.

Сонымен қатар клуб соңғы сегіз жыл бойы аталған турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмаған.

Ел ішіндегі жарыстарда да мақсат орындалмады

Министрлік мәліметіне сәйкес, «Астана» Қазақстан Кубогын жеңе алмады және Ұлттық лига чемпионы атағын да иеленбеді.

Ведомство мұны клуб жұмысының тиімділігіне қатысты сұрақтардың туындауына себеп болған негізгі факторлардың бірі ретінде атады.

Басымдық жастар спортына беріледі

Туризм және спорт министрлігі өткен жылы спорт саласын қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған заң қабылданғанын еске салды.

Заң ұлттық құрамаларды дамытуға, спорт резервін қалыптастыруға және бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруды шектеуге бағытталған.

Қазіргі уақытта елімізде баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі назар жастар командаларын дамытуға, сапалы спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға аударылмақ.