Бүгінде Қазақстан Қарулы күштерінде 7 мыңға жуық әйел қызмет атқарады. Олардың мыңға жуығы офицер болса, 6 мыңнан астамы келісімшарт негізінде еңбек етеді. Сонымен бірге 11 әйел басшылық қызметте жүр. Әйел әскери қызметшілер арасында полковник шеніне дейін көтерілгендер де, Қазақстан тарихында генерал дәрежесіне тең жоғары шенге ие болған тұңғыш әйел де бар. Dalanews.kz олардың қызмет жолы мен жетістіктеріне қатысты ресми мәліметтерді жинақтады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде әйел әскери қызметшілер жеткен ең жоғары әскери шен полковник болып саналады.
Мәселен, 2025 жылы ведомство Қарулы күштерде 32 әйел полковник қызмет атқарғанын хабарлаған. Ал 2026 жылы әйел әскери қызметшілердің жалпы саны жаңартылғанымен, полковник шеніндегі әйелдердің нақты саны жарияланбаған.
Қазақстанның тұңғыш әйел генералы
Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел генерал ретінде Сәуле Айтбаева белгілі. Ол 2013 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен ІІІ сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шеніне ие болды. Бұл прокуратура органдарындағы ең жоғары сыныптық шендердің бірі саналады және мәртебесі жағынан әскери жүйедегі генерал-майор атағына теңестірілген. Осылайша Сәуле Айтбаева Қазақстанда генерал дәрежесіне тең жоғары шен алған алғашқы әйел ретінде ел тарихына енді.
Ол кезде Айтбаева Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Құқық қорғау органдары академиясы да оны Қазақстандағы тұңғыш әйел генерал ретінде көрсетеді.
Сәуле Айтбаева прокуратура жүйесінде 30 жылдан астам еңбек етті. Әр жылдары тергеуші, прокурордың көмекшісі, аудан прокурорының орынбасары, облыстық прокуратурадағы басшылық қызметтерді атқарды. Кейін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетін басқарды.
2019 жылы Сенат депутаты болып тағайындалса, кейін Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне кірісті.
Мара Райымова
Қазақстан армиясында жоғары әскери лауазымдарға дейін көтерілген әйелдердің қатарында запастағы полковник Мара Райымова да бар. Ол әскери қызметте ұзақ жылдық тәжірибесінің арқасында "Астана" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Бұл әйел әскери қызметшілер жеткен ең жоғары басшылық қызметтердің бірі саналады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Мара Райымова әскери басқару саласында ұзақ жыл еңбек етіп, жеке құрамды даярлау мен әскери қызметті ұйымдастыру бағытында жауапты міндеттер атқарған. Кейін запастағы офицер ретінде әскери-патриоттық тәрбие мен жастарды әскери қызметке баулу ісіне де белсенді араласып келеді.
Гаухар Сырлыбаева
Полковник Гаухар Сырлыбаева да әскери басқару жүйесінде жоғары қызмет атқарған.
2016 жылы ол Алматы қаласының Алатау аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасына басшылық еткен алғашқы әйел атанды. Кейін Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Жанар Оспанова
Подполковник Жанар Оспанова Қарулы күштер қатарында 1996 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Ол 23366 әскери бөлімінде командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болған. Бұл қызметте әскери тәртіпті сақтау, жеке құрамның моральдық-психологиялық дайындығын қамтамасыз ету және тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру міндеттері жүктеледі.
Ольга Рыпакова
Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да әскери салада қызмет атқарған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол Қазақстан Қарулы күштерінде подполковник шенінде қызмет атқарып, Спорт комитетінің штаттық командаларды даярлау орталығы бастығының орынбасары болды.
Бұл қызметте Ольга Рыпакова әскери спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындау, әскери спортты дамыту және ұлттық құрама командалардың жұмысын үйлестіру бағыттарына жауап берді.
Ардана Ботай
Қазақстан әскери авиациясындағы ерекше есімдердің бірі - Ардана Ботай.
Қорғаныс министрлігі оны Қазақстан әскери авиациясындағы жалғыз әйел ұшқыш-жойғыш ретінде таныстырған. Аға лейтенант Ардана Ботай Су-30СМ жойғыш ұшағының экипаж командирі ретінде жеке ұшуды орындаған қазақстандық әйел ретінде тарихқа енді. Қазіргі уақытта ол Қарағанды авиациялық базасында қызмет етеді.
Ардана Ботайдың әскери шені генерал немесе полковник деңгейінде болмаса да, оның жетістігі әйелдердің әскери авиациядағы мүмкіндігінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Әйелдер әскерде қандай қызмет атқарады?
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінде әйелдер Қарулы күштердің барлық әскер түрлері мен құрылымдарында еңбек етеді.
Олар әскери медицина, психология, құқық, қаржы, байланыс, кадр қызметі, ақпараттық технологиялар және материалдық-техникалық қамтамасыз ету салаларында жұмыс істейді.
Сонымен қатар штаб офицері, әскери ұшқыш, нұсқаушы, мерген және арнайы мақсаттағы бөлімдердің әскери қызметшісі ретінде де міндет атқарады. Олар парашютпен секіріп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарады әрі жауынгерлік кезекшілікке қатысады.
Неліктен Қазақстанда әйелдер арасында әскери генерал жоқ?
Қазақстан заңнамасы әйелдердің генерал әскери атағын алуына ешқандай шектеу қоймайды. Мұндай атақ әскери қызмет өтіліне, атқарған лауазымына және сол қызмет бойынша көзделген шекті әскери шенге қарай беріледі.
Әдетте генерал атағы әскер түрлерінің бас қолбасшыларына, өңірлік қолбасшылықтардың басшыларына немесе Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтағы жоғары басшылық қызметтерді атқаратын офицерлерге беріледі.