17 жастағы қызды тұрмысқа берген анасы, күйеуі және неке қиған молда сотталды

17 жастағы қызды тұрмысқа берген анасы, күйеуі және неке қиған молда сотталды
ашық дереккөзден

Ош облысының Қара-Суу аудандық соты неке жасына қатысты заң талаптарын бұзған үш тұрғынды кінәлі деп таныды. Олардың қатарында 17 жастағы қыздың анасы, күйеуі және діни неке қию рәсімін өткізген молда бар. Бұл туралы сот актісінде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылы Кашкар-Кыштак ауылында 17 жастағы қыз бен 30 жастағы ер адамның арасында діни неке қиылған. Неке рәсімін жергілікті молда өткізген. Сот қыздың анасы бұл некеге ер адамның туыстарымен алдын ала келісім жасағанын анықтады.

2026 жылдың сәуір айында қыз жүктілік бойынша медициналық есепке тұрған, ал 22 мамырда ұл баланы дүниеге әкелген.

Іс бойынша айыпталушылар ретінде қыздың күйеуі, анасы және неке қию рәсімін өткізген молда танылды. Үшеуі де өз кінәларын мойындаған.

Сот олардың кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын және жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескерді. Үшеуіне де үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда сот бір жыл мерзімге пробациялық бақылау қолданды.

Осы кезеңде сотталғандарға елден шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ олар айына екі рет пробация органдарына келіп, ресоциализация бағдарламаларына қатысуға міндетті.

Қырғызстанда заң бойынша неке жасы 18 жас болып белгіленген. Алайда ерекше жағдайларда арнайы комиссияның қорытындысы негізінде оны 17 жасқа дейін төмендетуге болады.

Equality Now халықаралық құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Қырғызстандағы 20-24 жас аралығындағы қыз-келіншектердің шамамен 13 пайызы 18 жасқа толмай тұрмысқа шыққан.