АҚШ билігі иммиграциялық виза алуға өтініш беретін кейбір азаматтар үшін визалық кепілдік жарна төлеуді көздейтін жаңа бағдарламаны іске қоспақ, деп хабарлайды dalanews.kz "Bloomberg Law" басылымына сілтеме жасап.
Жаңа пилоттық жоба алғашында Доминикан Республикасының азаматтарына қатысты қолданылады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, консулдық қызметкерлер мемлекетке әлеуметтік жүк болуы мүмкін деп есептелген үміткерлерден 100 мыңнан 250 мың долларға дейін кепілдік жарна талап ете алады. Оның нақты мөлшері әр өтініш берушіге жеке белгіленеді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Томми Пиготттың айтуынша, жаңа шара әлеуметтік қолдау жүйесін қорғауға бағытталған.
Бағдарлама АҚШ әкімшілігі енгізіп отырған көші-қон талаптарын күшейту шараларының бір бөлігі саналады. Бұған дейін Мемлекеттік департамент туристік және іскерлік мақсаттағы B санатындағы визалар үшін 20 мың долларға дейін кепілдік жарна енгізуді қарастыратын ережелерді әзірлеген болатын.
Сонымен қатар АҚШ-та бірқатар иммиграциялық визаларды беруге қатысты шектеулер сақталып отыр. Қазіргі таңда мұндай шектеулер 75 елдің азаматтарына әсер етеді.