Қазақстанның бірқатар өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz.
5 тамыздағы мәліметке сәйкес, есепті аптада қиярдың бағасы 2,4%-ға, ақ қырыққабат 2,1%-ға, қызанақ пен картоп 1,7%-ға төмендеген. Сондай-ақ сүйексіз сиыр еті 0,4%-ға, алма 0,3%-ға, қарақұмық жармасы 0,2%-ға, қаймақ 0,1%-ға арзандаған.
Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан, сүйекті сиыр еті, тауық еті, тартылған ет, сүзбе, айран және шай бағасы өткен аптамен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.
Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы ең көп Шымкентте 0,4%-ға төмендеген. Павлодар мен Талдықорғанда баға 0,2%-ға, Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев және Қостанайда 0,1%-ға азайған. Алматы, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Өскемен, Қарағанды, Петропавл және Тараз қалаларында баға деңгейі өзгермеген.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір келісі үшін 483 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте тіркеліп, бір келісі 321 теңгеден сатылған.
Пияздың орташа бағасы республика бойынша 200 теңге болған. Ең арзан пияз Түркістанда 138 теңгеден, Қызылордада 164 теңгеден ұсынылған.
Ақ қырыққабаттың орташа бағасы килограмына 191 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, бір келісі 143 теңгеден сатылған.
Қызанақтың орташа бағасы республика бойынша 529 теңге болды. Ең қолжетімді баға Таразда 310 теңге, Шымкент пен Түркістанда 324 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 778 теңге, ал қой етінің орташа бағасы 4 493 теңгені құрады.