Белгілі қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек желідегі парақшасында Бекболат Тілеухан жайлы жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Ағкем де алпысқа келді! Бекболат аға туралы мен көп нәрсе айта аламын. Бірақ бүгінгі мерейтойдың орайына қарай, үш-ақ нәрсені айтайын.
Біріншісі – жұрт білетін Бекболат ағадан бөлек, жұрт біле бермейтін Бекболат (Ағке) бар. Оның қанша адамның тағдырындағы жетістікке үнсіз себепкер болғанын, қанша азаматтың жолын ашқанын, қанша жақсылықты жарияламай жасағанын біз шамалап білеміз. Ал, бүтін хайырын бір Алла біледі.
Өз басымда Бекболат ағаның жақсылығы шаш етектен. Жарыммен жолығуыма тікелей себепкер болған да – осы кісі. Руханиятқа, дінге қызмет ететін жолдың алғашқы есігін ашқан да – осы кісі. Халифа Алтай атамыздың қорындағы қызметтен бастап, Президент оркестріндегі жылдарға дейін қасынан тастамай, өмірдің де, елге қызметтің де талай сабағын көрсетті. Біз өте жақын болғандықтан "ұстазым еді" деп ресмилендіргім келмейді. Кейбір қарым-қатынастың аты болмайды. Ағалықтан басталып, туыстықтан да терең бір жақындыққа айналып кетеді. Үнсіз дұғаңа қосасың, көзі жоқта жамандатпайсың, ақысы қап бара жатса, алып кеп бересің… Менің Бекболат ағамен байланысым – сондай.
"Сегіз қырлы, бір сырлы" деген сөз кейде жай теңеу секілді айтыла береді. Ал Бекболат ағаны көргенде осы сөздің адам бойында болатын қасиет екеніне сенесің.
Мықты әнші болудың өзі бір ғұмырға жетеді. Жыраулықтың жүгін арқалау – өз алдына бір тағдыр. Депутат болып, елдің сөзін айту – бір азаматқа жететін жүк. Ұлттық спортқа тұтас бір дәуір қызмет ету – тағы бір ғұмыр. Қайраткерлік, шешендік, ұйымдастырушылық, елдік мәселеге араласу – мұның әрқайсысы бөлек адамның маңдайына жеке-жеке жазылса да аз қасиет емес еді.
Ал осының бәрінің бір адамның бойынан табылуы - жай сәйкестік емес. Алланың назары түсіп, Өзі қолдамаса, алып жүру де оңай емес абырой! Сондықтан Бекболат ағаға қатысты пікірдің екіге жарылуы да заңды шығар. Құндылықты қадірлейтін адам оның еңбегін көреді. Өсекке, науқанға, эмоцияға ергіш адам оған арналған сөзді көреді. Сонда мәселе кейде Бекболат ағада емес, ағаға қараған адамның өз өлшемінде болып шығады…" – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.