Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі сотқа жолданды

Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі сотқа жолданды
rustemova_aliya

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы елордалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz  "Kazinform"-ға сілтеме жасап.

Дерекке сәйкес, Ұлдана Мырзуанның қаза болуына байланысты жүргізілген сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс соттың қарауына жіберілген.

«Азаматша Ұлдана Мырзуанның қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды», – деді Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі алғашқы сот отырысының күні әзірге белгіленбегенін хабарлады.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционер құлап түскен болатын. Оқиға орнына келген жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан үйінді астында қалған ер адамға көмек көрсетуге тырысқан сәтте тоғызыншы қабаттан құлаған кондиционер оның басына түскен.

Дәрігерлер оған күрделі ота жасап, бас сүйегіне трепанация жүргізгенімен, 18 қараша күні оның қайтыс болғаны белгілі болды.

Марқұмның ерлігі ескеріліп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.