Украина қазақстандық мұнай тасымалдайтын нысандарға соққы жасамауға келісті — Bloomberg

Украина қазақстандық мұнай тасымалдайтын нысандарға соққы жасамауға келісті — Bloomberg
pixabay.com

Украина Қара теңіздегі қазақстандық мұнай экспорты үшін маңызды нысандарға шабуыл жасамауға келісті, деп хабарлайды dalanews.kz 

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, келісім аясында Украина Ресейге қатысы жоқ мұнай танкерлеріне, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымдық нысандарына соққы беруден бас тартқан.

Басылым дерегіне сәйкес, бұл шешім өткен айда танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін қабылданған. Сол шабуылдардың салдарынан кейбір кемелерге мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған.

Америкалық шенеуніктің айтуынша, Украина КҚК терминалына бағытталған, бірақ Ресеймен байланысы жоқ кемелерге шабуыл жасамауға міндеттеме алған. Алайда бұл талап тек Украина санкциясына ілінбеген және ресейлік жүк тасымайтын кемелерге қатысты қолданылады. Сонымен қатар кемелердің иелері де Ресей азаматтары немесе ресейлік компаниялар болмауы тиіс.

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты. Консорциум арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілген мұнай сыртқы нарықтарға жеткізіледі. Жыл сайын бұл бағытпен кемінде 60 миллион тонна қазақстандық мұнай тасымалданады.