Саясат Нұрбек грант иелене алмаған талапкерлерге үндеу жасады

Саясат Нұрбек грант иелене алмаған талапкерлерге үндеу жасады
facebook.com/sayasat

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім гранттарының нәтижесі жарияланғаннан кейін талапкерлер мен олардың ата-аналарына үндеу жасап, грант иелене алмаған түлектерге қолдау білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, биыл мемлекеттік білім грантын 75 мыңнан астам талапкер жеңіп алған. Сонымен қатар конкурс өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болған. Егер 2025 жылы грант конкурсына 113 мың өтініш түссе, биыл олардың саны 127 мыңға жеткен.

Саясат Нұрбек грант ала алмаған талапкерлерге мемлекеттік грант жоғары білім алудың жалғыз мүмкіндігі емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, биыл жоғары оқу орындары 2 мыңнан астам ректорлық грант бөліп отыр. Сондай-ақ әкімдіктердің, ірі компаниялар мен қоғамдық қорлардың білім гранттары бар.

Министр «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауылдық жерлерден шыққан түлектерге 350 грант ұсынатынын, ал KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа ұйымдар да өз білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып жатқанын еске салды.

Сондай-ақ ол ақылы бөлімге түскен студенттердің кейін босайтын мемлекеттік гранттарға үміткер бола алатынын айтты.

«Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз. Кейде арманға апарар жол біз жоспарлағаннан сәл ұзағырақ болады. Бірақ бұл оның басқа бағытқа апара жатқанын білдірмейді», – деді министр.

Саясат Нұрбек ата-аналарды балаларына қолдау көрсетуге шақырып, грант нәтижесін өмірлік үкім ретінде қабылдамауға кеңес берді. Оның айтуынша, бүгін мемлекеттік грант иегерлері қатарынан өз есімін таба алмаған талапкерлер үшін де жоғары білім алудың басқа мүмкіндіктері сақталып отыр.