Back
| DalaNews

10 сотыққа қажетті жерлерді мемлекет меншігіне сатып алу мәселесі қаралып жатыр – А.Мырзахметов

Жер реформасы бойынша қоғамдық комиссияның отырысы аясында журналистерге сұхбат берген Үкімет басшысының орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов 10 сотыққа қажетті ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алу бойынша түсініктеме берді. Бұған дейін министр ірі қалалардың маңайында жеке үй салу үшін жердің жоқ екендігі, сондықтан қаладан тыс ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне сатып алу мәселесін қарастыру қажеттігі жайында айтқан болатын, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«10 сотыққа байланысты, бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы бүгінгі таңда, әсіресе, мынау облыс орталықтарында. Облыс орталықтарының (айналасындағы – авт.) жерлерінің барлығы деуге болады, немесе басым көпшілігі ол – ауыл шаруашылығы жерлері. Ал, енді, ауыл шарушалығы саласындағы жерлерді мемлекеттікке (мемлекет меншігіне – авт.) сатып алу ол тек қана бір-ақ жағдайы қарастырылған. Егер ол жерде әлеуметтік нысан салынатын болса. Айталық, аурухана немесе мектеп деген сықылды. Ал енді, басқа жағдайда оны сатып алуға болмайды. Сондықтан осы мәселені (10 сотық жерді беру – авт.) шешудің бірден бір жолы сол заңға өзгеріс енгізіп, ауыл шаруашылығы жерлерді осы тұрғын үй құрылысына сатып алу, сондай мүмкіншілік енгізетін болсақ, онда бұл мәселені жалпы шешуге үлкен сол қолайлы жағдай жасалар еді», – деді А.Мырзахметов. Журналистің «Сіз бұл мәселені көтересіз бе?» деген сұрағына:

«Енді, ол мәселе қазір қаралып жатыр. Тек қана сол ауыл шарушылығы саласындағы жерлерді мемлекеттің меншігіне сатып алу мақсатында емес, басқа да… Ол жерлерде ең үлкен мәселе инфрақұрылым мәселесі. Сондықтан осы инфрақұырылым мәселесі бар, басқасы бар, кешенді түрде бәрі қаралып жатыр. Қорытындысы бойынша дайын болған кезде ол да, мен ойлаймын, комиссияның қарауына шығарылатын болады», – деп атап көрсетті министр. Айта кетейік, жер комиссиясының бүгінгі отырысында өз азаматтарымызға жерді жалға беру мәселесі талқыланды. Осы мәселе аясында бір қолға берілетін жердің шекті көлемі, жайылымдық жерлерді жалға бермеу және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды. Бүгінде комиссия штабы қазақстандықтарға жерді жалға беру мәселесі бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеп қойды. Соның негізінде Жер кодексінің бір бабына өзгерістер енгізу көзделген. Осыған қатысты саясаттанушы Дос Көшім де өзі басқаратын топтың ұсыныстарын жариялады. Оның ойынша, барлық ауылдық округтардан бір-бір адам жер таратын комиссияның мүшесі болуы қажет. Ал аудандық прокурор комиссияның жұмысын бақылау отыруы шарт. Отырыс соңында шу шыққанын айта кеткен жөн.

Арман АСҚАРОВ

 

Дереккөзі: baq.kz