Алматы әкімдігі 2026 жылғы 14 тамызда еліміздің энергетикалық жүйесіндегі қуат теңгерімінің апаттық бұзылуына байланысты қалада сыртқы электрмен жабдықтау уақытша өшкенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, мегаполистің қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Метро уақытша тоқтатылды
Электр энергиясының өшуіне байланысты Алматы метрополитенінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір метро станциялары электр қуаты толық қалпына келтіріліп, байланыс рельсіне кернеу берілгенге дейін кіріп-шығуға жабық болады. Метро қозғалысының қайта іске қосылатыны туралы қосымша хабарланады.
Ауруханалар резервтік қуат көздеріне көшті
Қаладағы стационарлар мен басқа да медициналық ұйымдар үздіксіз жұмыс істеу жоспарына сәйкес қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр. Медициналық мекемелер дизельді генераторлармен және үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етілген.
Ең алдымен жансақтау бөлімдері, операциялық блоктар, қабылдау бөлімдері, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері мен өзге де аса маңызды жабдықтар резервтік электр қуатымен қамтылуда. Шұғыл медициналық көмек белгіленген тәртіппен көрсетіліп жатыр.
Су қысымы төмендеуі мүмкін
Әкімдік мәліметінше, электр энергиясының өшуіне байланысты қаланың кейбір аудандарында су қысымының уақытша төмендеуі және сумен жабдықтауда іркілістер болуы мүмкін. Әсіресе көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында мұндай жағдай жиі байқалуы ықтимал.
Бұл электр қуатымен жұмыс істейтін сорғы станцияларының уақытша тоқтауымен байланысты. Электрмен жабдықтау қалпына келгеннен кейін сорғы станциялары қайта іске қосылып, су беру біртіндеп тұрақталады.
Кейбір бағдаршамдар жұмысын тоқтатты
Электр желілеріне тәуелді бірқатар бағдаршам нысандары да уақытша істен шыққан. Осыған байланысты жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері бағдаршамдар жұмыс істемейтін учаскелерде көлік қозғалысын реттеу шараларын қолға алған.
Алматы әкімдігі қалалық қызметтермен бірлесіп жағдайды бақылауды жалғастырып жатқанын және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмысын сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру және жағдайдың өзгеруі туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады. Әкімдік тұрғындарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.