Моңғолияда жанармайға сұраныс күрт артуы және Ресейдегі отын нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты ел жанармай жеткізушілер қатарын кеңейтіп жатыр. Ұлан-Батыр Қазақстан және Беларусьпен келіссөз бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресей әлі де Моңғолияға жанармай жеткізетін негізгі ел болып отыр. Дегенмен Моңғолия билігі бір ғана жеткізушіге тәуелді болмау үшін Қытай мен Оңтүстік Кореядан да сатып алу көлемін арттырып жатыр.
Авиациялық отынға ерекше көңіл бөлініп отыр. Моңғолия Қытайдан алғаш рет 1 мың тонна авиациялық отын сатып алды. Ал Оңтүстік Кореямен ай сайын кемінде 50 мың тонна отын жеткізу туралы келісім жасалды. Бұған жанармайға сұраныс күрт өсуі себеп. Туристік маусым мен ауыл шаруашылығы жұмыстары қызған кезде елдегі отын тұтыну көлемі екі-үш есе артқан. Билік импорттағы кез келген іркіліс жанармай тапшылығына әкеп соғуы мүмкін деп алаңдайды. Соған қарамастан, Ұлан-Батыр Ресейден отын алуды тоқтатпайды. 11 тамызда Моңғолия билігі Ресеймен тамызда жанармай жеткізу көлемін арттыру туралы келісім жасалғанын хабарлады.
Ал Қазақстан мен Моңғолия арасында жылына кемінде 1 миллион тонна мұнай өнімін жеткізуді көздейтін келісім бар. Қазір тараптар ынтымақтастық аясын кеңейту мәселесін талқылап жатыр.