Қазақстанда салынып жатқан Data Center Valley (Деректерді өңдеу орталықтары алқабы) жобасының алғашқы нысанын пайдалануға беру 2027 жылдың маусым айына жоспарланған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазіргі уақытта қуаты 50 мегаватт болатын алғашқы нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында энергия орталықтары мен жасанды интеллект фабрикаларына арналған ғимараттардың іргетас шұңқырларын қазу жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Сонымен қатар энергия орталықтарының іргетасын құю басталып, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттардың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін деректерді өңдеу орталығының негізгі корпустары, энергия блоктары, әкімшілік-тұрмыстық кешен, бақылау-өткізу бекеттері және сыртқы инженерлік желілердің бір бөлігі салынып бітеді.
Ал іске қосу және сынақтан өткізу жұмыстары 2027 жылдың мамыр айында аяқталады, содан кейін алғашқы нысан 2027 жылдың маусымында пайдалануға беріледі.
Инженерлік инфрақұрылым қатар дамып жатыр
Жоба аумағында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 мегаватт болатын қосалқы станса сатып алынған. Сонымен бірге сумен жабдықтау желілерінің жобасы әзірленіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жобалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Құрылыс алаңында тәулік бойы жұмыс барысын бақылауға мүмкіндік беретін онлайн-бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Жобаның болашақ қуаты 1 гигаватқа дейін ұлғайтылады
Жобаны жүзеге асырушылардың мәліметінше, Data Center Valley кешенінің ұзақмерзімді энергетикалық әлеуеті кезең-кезеңімен кеңейтіліп, жалпы қуаты 1 гигаватқа дейін жеткізіледі. Мамандардың пікірінше, бұл жоба Қазақстандағы жасанды интеллект технологияларын дамытуға, бұлтты сервистерді орналастыруға және өңірлік цифрлық инфрақұрылымды күшейтуге мүмкіндік береді.