Қазақстан цифрлық активтерді дамытуда жаңа кезеңге қадам басып, ұлттық крипторезерв қалыптастыруға кірісті. 1 тамыздан бастап елде стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидалары күшіне енді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа ережеге сәйкес мемлекет жұмыс істеп тұрған криптовалюта өндірушілеріне стратегиялық майнер мәртебесін ұсынып, оларды энергия көздерінен тікелей әрі белгіленген тарифтер бойынша электр қуатымен қамтамасыз етеді. Есесіне майнерлер өндірілген цифрлық валютаның (электр энергиясына кеткен шығындарды шегергеннен кейінгі) 10%-ын мемлекетке беруге тиіс.
Бұл бастама мемлекеттік актив ретінде «цифрлық алтынды» жинақтаумен қатар, Қазақстанда жаңа дата-орталықтар ашуға және қолайлы энергия тұтыну шарттарын пайдалануға мүдделі инвесторларды тартуға бағытталған.
Қазақстанда 7,2 мың биткоин өндірілген
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Energyprom.kz редакциясына берген мәліметіне сәйкес, 2023 жылдан 2026 жылдың мамырына дейін Қазақстан аумағында аккредиттелген майнинг-пулдар шамамен 7,2 мың биткоин (BTC) өндірген.
Оның ішінде:
- 2024 жылы – 3,4 мың BTC;
- 2025 жылы – 2,3 мың BTC;
- 2026 жылдың алғашқы бес айында – 519,5 BTC.
Биткоин бағамының құбылмалылығы жоғары болғандықтан, өндірілген криптовалютаның теңгемен есептелген нақты құны жарияланбаған.
Елде 78 майнинг компаниясы жұмыс істейді
Қазіргі уақытта Қазақстанда цифрлық майнингпен айналысатын 78 субъект тіркелген. Бұл – 2023 жылдың соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Олардың:
- 35-інің жеке дата-орталығы бар;
- 16 дата-орталық Астанада орналасқан;
- 10 дата-орталық Алматыда жұмыс істейді;
- қалғандары басқа өңірлерде орналасқан.
Ал 43 компания өз жабдықтарын басқа ұйымдардың сервистік орталықтарына орналастырған. Министрлік мәліметінше, цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешендер тізіліміне криптовалюта өндіретін 465 мыңнан астам құрылғы енгізілген.
Заңнамаға сәйкес, барлық цифрлық майнерлер Қазақстан резиденттері болып саналады. Алайда бұл олардың арасында шетелдік инвестиция қатысатын компаниялар жоқ дегенді білдірмейді.
Майнерлер бюджетке 35 млрд теңге салық төлеген
2023–2025 жылдар аралығында заңды түрде жұмыс істейтін майнерлер мемлекеттік бюджетке шамамен 35 млрд теңге салық аударған. Салық түсімдерінің айтарлықтай бөлігі майнинг жабдықтарын импорттау кезінде төленген қосылған құн салығы (ҚҚС) есебінен қалыптасқан. Сондықтан бюджет кірісінің өсімі өндірілген цифрлық активтердің көлемімен тікелей сәйкес келмеген.
Майнинг қызметтерінің көлемі 230 млрд теңгеге жетті
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы цифрлық майнинг және деректерді өңдеу орталықтарын жалға беру саласындағы қызметтердің жалпы көлемі 229,9 млрд теңге болған.
Оның ішінде:
- 119 млрд теңге – дата-орталықтардың қызметтері;
- 110,9 млрд теңге – цифрлық майнинг саласының қызметтері.
Сонымен қатар көрсетілген қызметтердің бір бөлігі шетелдік тапсырыс берушілерге тиесілі болған. Өткен жылы цифрлық майнинг қызметтерінің 1,5 млрд теңгесі немесе 1,3%-ы бейрезиденттерге көрсетілген.
Ал дата-орталықтарды жалға беру қызметтерінде шетелдік клиенттердің үлесі 5,2% болған.
Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, өндірілген цифрлық активтер халықаралық криптобиржалар арқылы сатылатындықтан, олардың түпкі сатып алушылары әртүрлі елдердің азаматтары мен ұйымдары болуы мүмкін.
Майнингтің негізгі орталығы – Астана
Статистика деректері майнинг қызметінің басым бөлігі Астанада шоғырланғанын көрсетеді. 2025 жылы «цифрлық майнинг қызметі» санаты бойынша көрсетілген қызметтердің 81,5%-ы немесе 90,3 млрд теңгесі елордаға тиесілі болған.
Сарапшылар мұны Астананың ерекше мәртебесімен, Халықаралық қаржы орталығының, криптобиржалардың және оларға қызмет көрсететін инфрақұрылымның орналасуымен байланыстырады. Ал Алматыдағы көрсеткіш 18,7 млрд теңге болған.
Дата-орталықтарды жалға беру қызметтері бойынша да көш басында екі мегаполис тұр. Өткен жылы:
- Астанада – 35 млрд теңге;
- Алматыда – 48,6 млрд теңге көлемінде қызмет көрсетілген.
Бұдан кейін Павлодар облысы (16,9 млрд теңге) мен Ақтөбе облысы (6,5 млрд теңге) орналасқан. Осылайша Қазақстан криптовалюта өндірісін заңдастырып қана қоймай, оны ұлттық деңгейдегі стратегиялық ресурс ретінде қарастыра бастады. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық крипторезерв құру және стратегиялық майнингті дамыту елдің цифрлық экономикадағы орнын күшейтуі мүмкін.