Үкімет 2026 жылғы бидайдың сатып алу бағасын белгіледі

Үкімет 2026 жылғы бидайдың сатып алу бағасын белгіледі
pixabay.com

Қазақстанда 2026 жылғы астықты сатып алу бағасы белгіленді. 3-сыныпты бидайдың тоннасы сапасына қарай 92-115 мың теңге аралығында болады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қостанай облысының шаруаларымен кездесуінде мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, баға былтырғы деңгейде сақталады. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының бағасы астық нарығындағы негізгі бағдарлардың бірі болады.

«Нарық конъюнктурасын, сондай-ақ нарыққа қатысушылардың ұсыныстарын ескере келіп, Үкімет 2026 жылғы астықтың сатып алу бағасын айқындады. Атап айтқанда, 3-сыныпты бидай бағасын сапалық көрсеткішіне байланысты 92-ден 115 мың теңгеге дейін белгілеу жоспарлануда. Осылайша, баға өткен жылғы деңгейде қалады», – деді Серік Жұманғарин.

Аграршыларды қолдау үшін астықты форвардтық және тікелей сатып алу тетіктері қолданылады. Бұл шаруаларға өндірістік шығындарын өтеуге және келесі егіс науқанына дайындалуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар астық трейдерлеріне ҚҚС-ты қайтару жоспарланып отыр. Экспорттаушылардың ҚҚС-ты қайтаруға өтініштері салықтық тексеру арқылы қаралады. Бұл ретте өнімнің өндірушіден экспорттаушыға дейінгі қозғалысы мен салық төлемдері толық тексеріледі.

Жұманғарин астық экспортына жұмсалатын шығындарды өтеуге арналған мемлекеттік бағдарлама 2026-2027 маркетингтік жылға ұзартылатынын да айтты.

Көлік шығындарын субсидиялау қазақстандық астықтың экспорттық нарығын кеңейтуге мүмкіндік берген. Соның арқасында соңғы жылдары Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Марокко, Алжир және Мысырға қазақстандық бидай жеткізіле бастаған. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытай арқылы Вьетнамға астық жөнелтудің мультимодальды бағытын да сынақтан өткізген.

Кездесуде мал шаруашылығы мәселелері де талқыланды. Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарында 1132 фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Бұл өңірлердегі жалпы егіс көлемі 581,1 мың гектарды құрайды.

Шаруалар «Жайлау» бағдарламасындағы жайылымдарды суландыру және мал шаруашылығы базаларын салу талаптарын қайта қарауды ұсынды. Олардың айтуынша, көптеген шаруашылықта қажетті инфрақұрылым мен табиғи су көздері бар. Сондықтан қолданыстағы нысандарды бағдарлама талаптарын орындау кезінде есепке алу ұсынылды.

Сондай-ақ фермерлер асыл тұқымды ірі қараның жеңілдетілген несие арқылы сатып алынатын шекті бағасын қайта қарауды сұрады. Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті өзгерістерді пысықтап, асыл тұқымды малдың құны бойынша анықтамалық әзірлеуді тапсырды.

Арқалықта асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған генетикалық орталық құру жобасы да таныстырылды. «Zengi Group» ЖШС директоры Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, жобаға инвестиция тартылған.