Соңғы жылдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Токаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан кешенді реформалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтерді. Белгілі саясаттанушы әрі эксперт Эдуард Полетаевтың бағалауынша, жүргізіліп жатқан өзгерістер мемлекеттік институттардың жұмысын жаңартып қана қоймай, экономика, инфрақұрылым және халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді едәуір жақсартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл трансформациялық кезең пандемия, әлемдік экономикадағы турбуленттілік және геосаяси шиеленістер сияқты күрделі сыртқы сын-қатерлермен қатар жүрді. Соған қарамастан, ел ішкі теңгерімсіздіктерді жойып, саяси және экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыра алды.
Әлеуметтік-экономикалық даму мен инфрақұрылым
Соңғы жеті жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖӨӨ 29% өсіп, экономиканың жалпы көлемі $306 млрд жетті. Алтын-валюта активтері мен Ұлттық қордың жиынтық активтері $138 млрд асты, ал шағын және орта бизнестің ЖӨӨ-дегі үлесі 40% өтті. Ең төменгі зейнетақы мөлшері екі есеге жуық ұлғайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында жасаған баяндамасында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті:
«Бip жылдың ішінде ғана біз халықтың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи өзгерістерді жүзеге асырдық. Қысқа мерзім ішінде бүкіл мемлекет пен қоғамның келбетін өзгерткен ауқымды реформаларды сапалы түрде орындадық. Бүгінде мұндай міндет дамыған, жасампаз әрі ұйымшыл ұлттың ғана қолынан келетінін сенімді түрде айтуға болады».
Әлеуметтік инфрақұрылым саласында да жоғары көрсеткіштер тіркелді. Жыл сайын елде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2019 жылдан бері миллион оқушыға арналған 1342 мектеп, 1200-ден астам медициналық нысан ашылып, 35 мың шақырымнан астам автожол салынды және жөнделді. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа дейін ұлғайды.
Орталық Азиядағы көшбасшылық пен макроэкономика
Қазақстан өңірдегі ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономика ретіндегі орнын бекітті. ХВҚ болжамы бойынша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖӨӨ көлемі $360,4 млрд жетеді, бұл әлемде 49-орынға сәйкес келеді. Салыстырмалы түрде Өзбекстан ЖӨӨ $181,5 млрд, Түрікменстан $83,1 млрд, Қырғызстан $23,6 млрд, ал Тәжікстан $20,4 млрд деңгейінде бағаланады.
Бұдан бөлек, Орталық Азияның бес елінің жиынтық номиналды ЖӨӨ-нің 53,7% үлесі дәл Қазақстанға тиесілі. Ел өңірдегі банктік активтер ($140 млрд), несие портфелі ($86 млрд) және депозиттер ($34,7 млрд) бойынша да көш бастап тұр.
Халықаралық позициялар мен инвестициялар
Қазақстан БҰҰ рейтингінде адам дамуының деңгейі өте жоғары 193 елдің ішінде 60-орынды иеленді. Ел жасанды интеллект саласында Government AI Readiness Index 2025 бойынша өңірде бірінші, әлемде 60-орынға орнықты, сондай-ақ SCImago Research Group рейтингінде ғылыми белсенділік бойынша Орталық Азияда жетекші орын алды.
Сыртқы сауда айналымы 2025 жылы $143,9 млрд құрап, көршілес елдердің көрсеткіштерінен бірнеше есе асып түсті. Өңірдегі тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың 68,6% үлесі, толығырақ айтқанда $151,3 млрд Қазақстанға тиесілі болды.
Эдуард Полетаев елдің Орталық Азиядағы ролін бағалай келе, алдағы даму бағытын былай түйіндеді:
«Қазақстан негізгі халықаралық рейтингтердің көпшілігі бойынша Орталық Азияның көшбасшысы мәртебесін сенімді түрде ұстап тұр. Ел инвестиция көлемі мен адам капиталының даму деңгейінен бастап экономиканың күрделілігі мен "жасыл" өту қарқынына дейінгі барлық бағыттар бойынша көршілерінен едәуір алда келеді».