Шымкенттік палуан тісімен автобус сүйреп, әлемдік рекорд орнатты

Шымкенттік палуан тісімен автобус сүйреп, әлемдік рекорд орнатты
almaty.tv

Шымкенттік палуан тісімен 17 тонналық автобусты сүйреп, әлемдік рекорд орнатты. Осылайша алып күш иесі бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz almaty.tv-ға сілтеп.

52 жастағы Артық Досалиев жолаушылар көлігін 20 метрге дейін сүйреп өтті. 17 тонналық автобусты қолмен емес, тісімен қозғау үшін спортшы жарты жыл бойы арнайы дайындалған.

Апайтөс қара күш иесі бұл трюктің аса қауіпті екенін айтады. Сондықтан жастарға мұны қайталауға кеңес бермейді.

"Жастарға бұл трюкті қайталауға кеңес бермеймін. Өте қауіпті трюк. Тісім бәрі бүтін, өзімдікі болғаннан кейін стоматологтармен кеңесіп, рентгеннен өтіп, ешқандай зиян келмейтіні жөнінде анықтама алып, жасадық.17 тоннадан үлкен автобус жоқ деп ойлаймын. Одан біреулер асып өтіп жатса, тағы да жасаймыз. Әлемде бірінші болуға тырысамыз", – деді пауэрлифтингтен әлемнің 5 дүркін чемпионы Артық Досалиев.

Артық Досалиев әлемдік төрт рекордты жаңартты. Бұған дейін Ресей, Украина және Мысыр спортшылары осындай ауыр көліктерді сүйреп, үздік нәтиже көрсеткен. Алайда шымкенттік палуан олардың барлығынан асып түсті.

Бұл Артық Досалиевтің алғашқы жетістігі емес. Былтыр ол салмағы 120 тонна болатын 5 вагонды орнынан қозғап, көпшілікті таңғалдырған еді.