Қарағандыда өзі жұмыс істейтін сұлулық салонын тонаған қызметкер ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша салон қызметкері жұмыс орнының ішкі тәртібін, жұмыс кестесін және ақша сақталатын орынды жақсы білген. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ол сыбайласымен алдын ала сөз байласып, салонға заңсыз кіріп, кассадағы ақшаны жымқырған. Қылмыс сәті салонда орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бейнежазбаларды зерделеу барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің әрекетін жедел түрде анықтаған.
Салон иесі таңертең жұмысқа келген кезде ақша жоғалғанын байқап, полицияға хабарласқан. Полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтап, ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді.
Нәтижесінде күдіктілер қаладан шығып кетуге әрекет жасаған кезде теміржол вокзалында ұсталған. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.